Жылдағыға қарағанда биыл қар көп жауғандықтан,қауіпті аймақтарда орналасқан елді мекендерге ерекше назар аударылған.Қазіргі болжам бойынша жүзге жуық ауыл қарғын судың зардабын шегуі мүмкін.
Осы жолы құтқарушылар Айыртау ауданының ауылдарын аралады. Былтырлары 11 елді-мекенді су шайып кеткен болатын. Биыл Саумалкөл, Имантау, Константиновка, Гусаковка, Светлое, Қарасай сынды ауылдар қауіпті учаскелерге жатқызылған.
«Айыртау ауданының төтенше жағдайлар бөлімінің қызметкерлері және жергілікті атқарушы орган өкілдері Имантау ауылының тұрғындарымен әңгімелесіп, табиғи апаттың мүмкіндігінше алдын алу шаралары жайлы жан-жақты әңгімеледі. Қар суының арнасын бұру, аулаларды күл-қоқыс пен қардан тазалау, үй аумағын қоршау үшін қолда бар материалдарды пайдалану жөнінде нұсқаулықтар таратылды. Қауіп-қатер жайында дер кезінде хабарлау тәртібі түсіндірілді. Су тасқыны бола қалған жағдайда қалай әрекет ету керектігі жайы айтылды», - дейді аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің бас маманы Жанбота Қабдөшев.
Әр кездесу соңында көктемгі су тасқыны кезінде қалай әрекет ету қажеттігі жайында жазылған ақпараттық парақшалар таратылды. Тұрғын үй секторын аралау барысында 200-ден астам адам қоныстанған 130 үй қамтылды.
Төтенше жағдайлар жөніндегі департаменттің бастығы Рамиль Камаловтың айтуынш ақапуіпті аймақтарда 240 маман тәулік бойы кезекшілік етеді. 95 мотопомпа, 11 жүзу құралы,700-ге жуық әртүрлі техника дайындық сапында тұр. Кешенді даярлық шараларын атқаруға республикалық қазынадан 400 миллион теңге қарастырылған.
Өмір ЕСҚАЛИ,
«Егемен Қазақсан»
Солтүстік Қазақстан облысы